«Үкімет «халал» жүйесін реттеуге кірісті» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 6 мамыр, сейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Үкімет «халал» жүйесін реттеуге кірісті» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Таңдау пәндерін қалай таңдап жүрміз?» атты мақала берілген. Жалпы білім беретін мектепте барлық пәндер Білім және ғылым министрлігі бекіткен стандарт бойынша оқытылады. Сол арқылы жастар белгілі дәрежеде білім алады. Бірақ ҰБТ-ға жоғары деңгейде дайындықпен қатысу, қалаған мамандығына қол жеткізу үшін олар барлық пәнді оқи бермейді. Тек болашақ мамандығына қажет пәндерді ғана жаттап алуға тырысады. Айталық, қазіргі кезде болашақ экономист, программист, архитектор, инженер мамандығын алғысы келетін үміткерлер үшін таңдау пәні география белгіленген. «Оқушылар 9-сыныптан бастап осы пәнді жан-жақты оқиды. Яғни, олар дүниежүзілік картада көрсетілгендерді, өз Отанымыздың географиялық ауқымын толық жаттап алуға тырысады. Бұл олардың логикалық ойлауына кері әсер етпей қоймайды. Жаттап алған дүние адамның ойында ұзақ жүрмейді. Уақыт өте келе ұмытылып қалады», - дейді Астана қаласы №51мектеп-гимназиясының жоғары санатты мұғалімі Молдахан Советхан.

Бас басылымда «Жаңаөзендіктер қуанышы» деген мақала басылды. Мерекелі де шуақты мамыр айы жаңаөзендіктер үшін жаңалықтармен басталды. Сол күні салтанатпен ашылып, қала сәніне сән қосып, халықтың игілігіне қызмет ететін нысандар қатарында Неке сарайы да бар. Бұл Жаңаөзен қаласының тұрғындары, әсіресе үлкен өмір табалдырығынан қол ұстаса аттаған жастар жағы біраз жылдардан бері асыға күткен орын болатын. Соңғы жылдары дамуына айрықша мән беріліп, арнайы жоспар-жобалар, бағдарламалар іске қосылған Жаңаөзенде бүгінге дейін біраз нысандардың тұсауы кесілгені көпке аян. Жаңадан ашылған мектеп, балабақшаларда жас жеткіншектер білім-тәрбие алып жатса, Теңге, Қызылсай ауылдарында бой көтерген мәдениет үйлерінде осы саланың жұмысы жүріп жатыр. Жаңарған шағын дәрігерлік пункт немесе кәсібін бастаймын деушілерге құтты орын болған бизнес-инкубатор, мұнайшыларға арналған қызметтік ғимараттар да соңғы жылдардың жаңалығы.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, Қазақстан 2017 жылы өз ғарышкерін ғарышқа аттандыруға талпынатын болады. Кеше Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев ақпарат құралдарына осындай мәлімдеме жасады. «Біз өте салмақты және нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Келіссөз үдерісі жүруде. Оңды ілгерілеушіліктер байқала бастады. Біз алдын ала айта аламыз: бұл үдеріс 2017 жылы іске асуы мүмкін»,- деді «Қазғарыш» басшысы. Бұған дейін Қазақстан екі ұланын осы миссияға дайындаған болатын. Алайда олардың алдынан кедергілер туды. Оның үстіне оларға ғарыш кеңістігінде жүктелетін жұмыстардың ауқымы пысықталып бітпеді. Нәтижесінде, ұшпаса да, ел аузындағы екеуіне «ғарышкер» атағы тағайындалған. Әйткенмен, Тоқтар мен Талғаттан кейінгі қазақтың нағыз ғарышкері кім болатындығы әзірге жарияланбауда. - Ол жаққа біздің ғарышкерді жолдау үшін барлық қатысушы елдер ғарышкерлердің бірін қазақстандыққа ауыстыруға рұқсат етулері керек. Бұл - күрделі мәселе. Мен сіздерге айтайын, ендігі дайын ғарышкерлер мен астронавтардың кезегі көптеген жылдарға созылып жатыр, - деді Т.Мұсабаев. Осы мәселені арқау еткен мақала «Қазақ ғарышкері қашан ұшады?» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «Үкімет «халал» жүйесін реттеуге кірісті» атты мақала жарияланып отыр. Ел Үкіметі Қазақстанда «Халал» жүйесін реттеуге шындап кірісетінге ұқсайды. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар орталығында БАҚ өкілдерімен кездескен Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігінің төрағасы Болатбек Қуандықов оны регламенттеу ниеттері барлығын мәлімдеді. Бұл ведомство Қазақстанның ірі қалаларында қаптап ашылып, қанатын кең жайып жатқан «фаст-фуд» орындарына да назар аударуда: Агенттік басшысы қазақстандықтарға олардан қандайда бір жөнсіздіктер тапса, дереу өздеріне жүгінуді ұсынды.

***

«Түркістан» басылымында «Ауыл пошталары жабылмайды» деген мақала берілген. Пошта қызметінде «нөлдік шақырым» деген түсінік бар. Ол ел ішіндегі елді мекендердің арасын жалғайтын пошталық байланыстың сапасын білдіреді. Сапалық көрсеткіштің деңгейі кеңістік шалғайлығының мүлдем сезілмеуімен өлшенер еді. Жалпы алғанда, Қазақстанда 6936 елді мекен бар екен, олардың бәрін пошталық байланыс желілерімен байланыстыру оңай емес, әрине. Дегенмен, пошта қызметімен халықты толық қамту - мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі. Еліміздегі пошта саласында алда атқарылатын шаралар жайында білгіңіз келсе, осы мақаланы оқып шығыңыз.

***

«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Похвала пахлаве» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Қазақстан халал индустриясы» қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаев шенеуніктерге халал-қызметтердің саясатын сынға алмай, заңнамалық базаны әзірлеуде күш-жігерді біріктіруді ұсынды. «Мен Малайзиядағы секілді мемлекеттік халал-индустрия агенттігін құру керектігін атап өткім келеді»,- дейді Сәрсенбаев.