Үкімет индустрияландыру бағдарламасына 112 млрд теңге бөледі - ҚР Президенті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет индустрияландыру бағдарламасына 112 млрд теңге бөледі. Бүгін Ақордада өтіп жатқан ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке осы мәселені тапсырды.

Үкімет индустрияландыру бағдарламасына 112 млрд теңге бөледі -  ҚР Президенті

«Экономиканы түбегейлі әртараптандыру, соның ішінде экспортты арттыру  бұл орнықтылықтың кепілі. Үкімет тұтастай, барлық деңгейдегі әкімдер толығымен экспорттық бағдарды бірінші орынға қою керек. Оңтүстік Корея осының арқасында ғана экономикасын алдыңғы қатарға сүйреп шықты. Бүкіл ел болып экспортқа жұмыс істеді. Біз де соған ұмтылатын боламыз»,- деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Елбасы индустрияландыру бағдарламасына тоқтала келе, жауапты ведомство басшысына қатаң ескерту жасады.

«Бізге 100- 500 кәсіпорындар керек емес. Бізге тауарын негізінен экспортқа шығаратын, өнім беретін кәсіпорын керек. Бастапқыда жасағанымыз дұрыс та шығар. Қазір әр жобаны тереңінен қарастыратын боламыз. Жаңа бесжылдық жобалары тек қана шикізаттық емес экспорттық бағдарға негізделетін болсын. Экспорттық әлеуеті зор, өнімділігі жоғары, инновациялық  жобаларды іріктеуде міне осыларға назар аударылсын. Осыған байланысты Үкіметке бағдарламаны қолдауға қосымша 112 млрд теңге бөлуді тапсырамын»,  - деді Н. Назарбаев.