Үкімет ІЖӨ өсімін 0,5 пайыздық межеден асыруды жоспарлауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі ішкі жалпы өнім өсімін 0,5 пайыздық межеден асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көріп отырғанымыздай, 9 айдың қорытындысында экономикалық өсімнің оң тенденциясы бар. Біз жыл соңына дейін Мемлекет басшысының өсімді 0,5 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауға барлық мүмкіншілік бар. Бұл ретте біздің бұл жоспарды орындайтындығымызға еш күмән жоқ. Бұл ретте инфлияция дәлізін 6-8 пайыздық межеде ұстап тұруға, сақтауға және онымен жұмыс істеуге тиіспіз. Бірқатар түзетулер болуы мүмкін. Бірақ, қалай дегенде де тапсырма жүктелді және ол орындалуы тиіс», - деді Сағынтаев.
Сонымен қатар Үкімет басшысы машина жасау, темір кені, құрылыс саласында бірқатар проблема бар екендігін атап өтті.
«Мемлекет басшысының орталық органдармен және әкімдіктермен бірлесе отырып резервтермен жұмыс істеуіміз қажеттігі туралы тапсырмасы бар. Біз оларды білеміз. Сонымен қатар әрбір кәсіпорынмен жеке жұмыс істеу керек», - деді ол.