14:18, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Үкімет Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің БТА Банкінің акцияларын сатып алу туралы ұсынысын қабылдады ? Р. Солодченко
АЛМАТЫ. Ақпанның 2-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - ҚР Үкіметі Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің БТА Банкі АҚ-ның бақылау пакеті акцияларын сатып алу туралы ұсынысын қабылдады.

Бұл туралы бүгін Алматыда арнайы өткен баспасөз конференциясында БТА Банкінің басқарма төрағасы Роман Солодченко мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Роман Солодченко бұған дейін айтылған Үкіметтің 29 915 425 жәй акцияның әр данасын 8401 теңгеден сатып алатынын мақұлдады. Бұл эмиссиялардың барлығын Үкімет атынан «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» сатып алған соң банк 251 319 485 425 теңге көлемінде қосымша капиталға ие болмақ. «Үкімет Қазақстандағы жүйе құрушы банктердің бірі және шикізаттық емес саланы несиелендіруде үлкен рөл атқаратын банк ретінде БТА Банкіне көмектесуді жоспарлап отыр. Үкімет БТА банкінің барлық мемлекеттік бағдарламаларға қатысуына көмек көрсетеді», деді баспасөз мәслихатына қатысқан «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Арман Дунаев. Баспасөз мәслихатында А. Дунаевтың банктің Директорлар кеңесінің мүшесі болып тағайындалғаны туралы да мәлім болды. Ал бұған дейін Ұлттық банкті басқарған Әнуар Сәйденов банктің басқарма төрағасы Роман Солодченконың кеңесшісі болып тағайындалған. Р. Солодченконың айтуынша акционерлердің өзгеруіне қарамастан банк өзінің барлық несиелерін қайтаруды, экономика мен тұрғындарды несиелендіруді, басқа да банктік қызметті көрсетуді жүзеге асыра береді.