Үкімет қаулысымен Жамбыл облысы Тараз қаласы маңындағы аймағының шекарасы белгіленді
***
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №1404
2014 жылғы 30 желтоқсан, Астана, Үкімет Үйі
Жамбыл облысы Тараз қаласының қала маңы аймағының кейбір мәселелері туралы
2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің
110-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес, Жамбыл облысы Тараз қаласының қала маңындағы аймағының шекаралары белгіленсін. 2. Қоса беріліп отырған Жамбыл облысы Тараз қаласының қала маңы аймағына енгізілген жерлерді пайдалану қағидалары мен режимі бекітілсін. 3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы №1404 қаулысына қосымша
Жамбыл облысы Тараз қаласының қала маңы аймағының шекаралары Солтүстік шекарасы: Жамбыл облысы Тараз қаласының қала маңы аймағын қоса алғанда, Жамбыл ауданының Ақбастау, Аса, Көлқайнар, Жамбыл ауылдық округтері жерлерінің аумағы арқылы өтеді және одан әрі шығыс бағытымен Байзақ ауданының Бурыл және Көктал ауылдық округтерін бөліп тұрған шекара бойымен өтеді, Байзақ ауданының Мырзатай ауылдық округі жерлерін және «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолын кесіп өтеді, одан әрі Байзақ ауданы Үлгілі ауылдық округінің аумағымен өтеді.
Шығыс шекарасы: Байзақ ауданының Сарыкемер, Ботамойнақ және Қостөбе ауылдық округтері аумағын кесіп өтіп, одан әрі Жамбыл ауданының Полатқосшы, Қызылқайнар ауылдық округтері аумағы арқылы өтеді. Оңтүстік шекарасы:
Мемлекеттік шекараның Қырғыз Республикасымен шектес белдеуімен өтеді. Батыс шекарасы: Айша бибі ауылдық округімен Қырғыз Республикасының шекарасының қиылысқан жерінен басталып, солтүстік бағытқа қарай жоғары көтеріліп, Гродеково ауылдық округінің аумағы арқылы, одан әрі Жамбыл облысы Тараз қаласының қала маңы аймағына кіретін Жамбыл ауданының Айша бибі және Полатқосшы ауылдық округтері аумақтары арқылы өтеді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы №1404 қаулысымен бекітілген.