Үкімет Қазақстанда атқарылатын ірі көліктік-логистикалық жобалардың мерзімдерін атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 1 шілдесінде Ақтау теңіз портының өткізу қуатын арттыру мақсатында жүк кемелеріне арналған үш терминалдың құрылысы басталады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
Ол сонымен қатар өзге де ауқымды көліктік жобалардың құрылысына қатысты мәселелерге тоқталды.
1 шілдеде «Қорғас-Шығыс қапа» арнайы экономикалық аймақта жүк портын салуды бастау жоспарлануда.
«Бұл жобаны «ҚТЖ» 36,8 млрд. теңгеге қаржыландырады. Сонымен қатар республикалық бюджеттен 38,4 млрд. теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу көзделген», - деді Е.Досаев. Сондай-ақ оның айтуынша, 2014 жылдың 1 желтоқсанында «Жезқазған-Бейнеу» теміржол желілері пайдалануға беріледі.