Үкімет қазақстандық қамтуды арттыруға аса назар аударуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әкімдіктер мен ұлттық компаниялар арасындағы меморандумдар 300 мың жұмыс орнын сақтап қалды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов мәлім етті.

Үкімет қазақстандық қамтуды арттыруға аса назар аударуда

«Өздеріңізге белгілі, жыл басында Үкімет мүшелерінің басшылығымен барлық өңірлерде жергілікті қамтуды арттыру бойынша меморандумдарға қол қойылған көшпелі мәжілістер өтті. Өңірлер мен жүйе құрайтын кәсіпорындар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңдеуші өнеркәсіптің барлық салалары бойынша талдау жасап, мониторинг жүргізді. Апта сайын біз арнайы штабтың отырысында әрбір нақты өңірдің және кәсіпорындардың проблемаларын қарастырамыз. Жұмыс тиімділігін арттыру үшін қажетті шаралар мен шешу жолдарын жан-жақты талқылаймыз. Әкімдіктер, ұлттық компаниялар, жүйе құрайтын ірі кәсіпорындар арасындағы меморандумдар бойынша жұмыстың орындалуын айқын бақылаймыз», - деді ол.

Оның атап өтуінше, осының барлығы отандық кәсіпорындарды қолдауға және жұмыс орындарын сақтауға бағытталған. Соңғы деректер бойынша, пайыздық көрсеткіштермен жасалған барлық меморандумдардың 56,6 пайызын құрайтын, сомасы 700 млрд теңгеден асатын 3,5 мың жарымнан астам шарт жасалған. 1,4 трлн теңгенің 800-ден астам меморандумына қол қойылған. Әлеуметтік меморандумдар бойынша, әкімдіктер мен ұлттық компаниялар, жүйе құрайтын ірі компаниялар арасында 300 мыңнан астам жұмыс орындары сақталды.

«Осы шаралардың барлығы елдің индустриялық даму аясында жергілікті қамтуды арттыру бойынша басталған саясаттың жалғасы болып табылады. Бағдарламаның басым міндеттерін еске салсам, ол - жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы азаматтардың әлеуметтік деңгейін арттыру, жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, бүтіндей бір саланың инвестциялық тартымдылығын арттыру. Егер 2010-2014 жылдардағы тауарлар, жұмыстар мен көрсетілген қызметтерді, сатып алуды салыстыратын болсақ, өсім 2 трлн. 492 млрд. теңгені құрады. Жергілікті қамтудың үлесі 15 пайызға өсті. Тауарлар мен жұмыстардағы, көрсетілген қызметтегі жергілікті қамту үлесі 63,2 пайызды құрады», - деді А.Ержанов.