Үкімет Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын әзірлеуді аяқтап қалды
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, жоспар шеңберінде алғашқы бес жылдықтағы еліміздің дамуының мақсаттары мен міндеттерін нақтылайтын маңызды басымдықтар бойынша мемлекеттік бағдарламалар дайындалатын болады. Осылайша он жылдық кезеңге арналған стратегиялық жоспарды жүзеге асыру екі бесжылдық кезеңге бөлінеді.
«Бұл орайда мемлекеттік бағдарламаларды үш немесе бестен асырмау көзделіп отыр, ал олардың тізімін Мемлекет Басшысы анықтады. Яғни, экономика саласындағы бағдарламалық құжаттарды оңтайландыру күтіп тұр», деді министр.
Ә. Исекешевтің атап көрсетуінше, әзірленетін мемлекеттік бағдарламалардың ішінде 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық тұрғыдан шапшаң даму бағдарламасы ең маңыздыларының бірі болады. Оны осы жылдың соңына дейін аяқтап, Елбасының жарлығымен бекіту көзделіп отыр. Осымен бір мезгілде салалық бағдарламалар мен шеберлік жоспарлары әзірленуде.
«Атап өтерлігі, мемлекеттік бағдарлама және жаңа салалық бағдарламалар дәйектілігін сақтау мақсатында өзіне бұрын қабылданған Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын, кластерлік бастамаларды, «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасын, Көлік стратегиясын және индустрияландыру саласындағы басқа да бағдарламалық құжаттарды ықпалдастырады. Бұл ретте олардың кемшіліктері де ескерілетін болады. Ықпалдастырылатын құжаттардың жалпы саны 52, олар жойылады», деді Ә. Исекешев.
Оның айтуынша, осылайша экономика саласында мемлекеттік индустриялық даму бағдарламасы негізгі құжат болады. Онда негізгі басымды бағыттар, саларалық үйлестіруді қажет ететін жалпы жүйелік шаралар, қаржыландыру көздері анықталмақ. Сонымен қатар оны жүзеге асыру үшін 10 салалық бағдарлама әзірленеді. Бұлар салалардың негізгі дамуын, мемлекеттік қолдаудың жүйелі шараларын, білікті еңбек ресурстарын даярлауды анықтайды.