Үкімет кедендік жүктердің заңсыз айналымына жол бермеу мақсатында шекараны күзетуді күшейтеді
аурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет кедендік жүктердің заңсыз айналымына жол бермеу мақсатында шекараны күзетуді күшейтеді. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында 2010 жылға арналған нақтыланған бюджетті талқылау барысында депутаттардың сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні Үкімет тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бірқатар көршілес мемлекеттер бойынша кедендік жүктердің заңсыз айналымына жол бермеу мақсатында Қазақстанның мемлекеттік шекарасын күшейту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі нақтыланған бюджетте бұндай шараларға арнайы қаражаттар да қарастырылып отыр. Жалпы, біздің қолымызда жедел ақпараттар баршылық және тиісті жұмыс топтары кедендік жүктерді заңсыз тасымалдауды барынша төмендетуге қатысты шараларды атқаруда. Үкімет бұған қатысты тәртіпті орнықтыратын болады», деді Премьер-Министр.