Үкімет кейбір заңнамалық актілерге жобалық қаржыландыру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін селекторлық форматта өткен Үкімет отырысында Министрлер кабинетінің мүшелері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жобалық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын мақұлдады.
Заң жобасын ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова таныстырды.
Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ерекше заңды мәртебесі бар арнайы жобалық ұйымды құра отырып, жобалық қаржыландыру ұстанымдарын енгізу қажеттілігі айтылғандығын ескеріп өткен министр: «Қазіргі кезде ірі инфрақұрылымдық жобалар бюджеттен немесе ұлттық компаниялардың қаражаттары есебінен қаржыландырылады. Жобаларға жеке инвестиция тарту қиынға түсуде», - деді.
Оның атап өтуінше, ірі жобаларды іске асыруға жеке капиталды тарту мақсатында халықаралық консультанттармен ынтымақтаса отырып, әрі жетекші әлемдік тәжірибені ескеріп, елімізде жобалық қаржыландыру тетіктерін енгізу жөніндегі аталған заң жобасы әзірленген.