Үкімет креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасын әзірлейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Үкіметі креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасын әзірлейді. Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканың креативті секторын дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Осы жылдың 1 тамызына дейін әзірлеу жоспарланған құжатта мемлекеттің креативті кәсіпкерлікті дамыту, шығармашылық өнімдерді экспорттық нарыққа шығару, шығармашылық индустрия үшін кадрларды даярлау және қайта даярлау, дарынды қазақстандықтарды қолдау, зияткерлік меншікті басқару және өзге де іс-шаралар көрініс табады.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Үкіметке креативті экономиканы дамытудың негізгі тәсілдерін әзірлеуді, ал 17 наурызда Алматы қаласын одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте оны құқықтық-нормативтік реттейтін құжат әзірлеуді тапсырған болатын. Тұжырымдама халықаралық ұйымдармен, азаматтық қоғаммен, бизнес өкілдері және сарапшылармен бірлесе отырып жасалады.

Шығармашылық индустрияны дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі Данат Жуминнің айтуынша, ЮНЕСКО мен Британдық кеңес өкілдері, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП, Қазақстанның шығармашылық кәсіпкерлер қауымдастығы, Түркітілдес елдердің шығармашылық индустриялары қауымдастығы, Алматы қаласының шығармашылық индустрия кеңесі, Women in Creative Industries, Еуразиялық іс-шаралар қауымдастығы, отандық Juzz Entertainment (Ninety One, Alba, Dna) лейблы, Жайдарман қазақ КТК лигасы бірлесе жұмыс істеуге ниет білдірген. Сонымен қатар құжатты жазуға шығармашылық одақтарды, өндірістік орталықтарды, танымал сәулетшілерді, суретшілерді, қолөнершілерді, музыканттарды және шығармашылық нарықтың басқа қатысушыларын тарту жоспарланып отыр.

Британдық кеңестің мәдениеті мен креативті экономикасы бойынша жобалардың жетекшісі Галина Корецкая Үкіметтің шығармашылық секторды дамытуға деген көзқарасы осы саладағы халықаралық сарапшылардың ұсыныстарына толық сәйкес келетіндігін және қазақстандық тәжірибе тек қана Орталық Азия елдері үшін ғана емес сонымен қатар басқа дамушы елдер үшін де үлгі бола алатынын атап өтті.

Өз кезегінде Шығармашылық кәсіпкерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Ернар Құрмашев ел Үкіметіне шығармашылық индустрияға көңіл бөлгені үшін алғыс айтты.

Оның пікірінше, бүгінде шығармашылық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау бұрынғыданда көп қажет. Пандемияға байланысты шектеулердің салдарынан ондаған шығармашылық бизнес қатты зардап шекті.

«Егер мемлекет бізге сеніп, шығармашылық адамдарға қолдау көрсететін болса, онда біз бірнеше жыл ішінде осы саладағы өнімдердің экспортын кем дегенде 5 есеге көбейтіп, ел экономикасының дамуына зор үлес қоса аламыз», - деді Құрмашев.

Жұмыс тобының бірінші отырысын қорытындылай келе, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов креативті экономиканың дамуы бірқатар кең ауқымды мәселелерге әсер ететіндігін және тыңғылықты жұмысты қажет ететіндігін атап өтті және министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар нақты тапсырмалар берді.


Соңғы жаңалықтар