Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды

АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі мемлекетіміздегі макроэкономикалық тұрақтылықты және экономика өсімінің жоспарлы қарқынын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі «Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты экономикалық өсуді және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін дағдарысқа ден қою шаралары» атты тақырыптағы Үкімет сағатында баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осылай деп сендірді.

«Теңге бағамының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк алтын-валюта резервтерін пайдаланатын болады. Қолайлы деңгейден төмен резервті қысқарту барысында ерекше шаралар ретінде капиталдың елден кетуін шектеу бойынша валюталық реттеу шаралары қарастырылады. Екінші деңгейлі банктердің өтемпаздығын қолдау үшін Ұлттық банк едәуір дәрежеде банктерге өтемділікті берген кезде кепілді қамтамасыз ету тізбелерін кеңейту есебінен қайта қаржыландыруды арттырады», - дейді Ерболат Досаев.

Бұдан бөлек, қарызды өсірмеу бойынша шараларды қоса алғанда квазимемлекеттік және мемлекеттік борыштар жағдайын мемлекет тарапынан бақылаудың пәрменді тетіктері іске қосылады. Министрдің айтуынша, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барлық мемлекеттік міндеттерді орындаудан бөлек, қосымша жұмыссыздықтың өсімін болдырмау, халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету шаралары қабылданады.

«Үкімет тұрақты түрде әлемдік экономикалық ахуалға жүйелі мониторинг жүргізеді және Қазақстан экономикасына әлемдік ықпалды бағалауды назарда ұстайды. 2012 жылдың өзінде біз осындай жедел жүйені құрған болатынбыз. Осылайша, ел Үкіметі мемлекетіміздегі макроэкономикалық тұрақтылықты және экономика өсімінің жоспарлы қарқынын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», - дейді Е. Досаев.