Үкімет Мәжіліске ұсынылатын заң жобаларының сапасына айрықша мән беруі керек - Мәжіліс Төрағасы
АНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет Мәжіліске ұсынылатын заң жобаларының сапасына айрықша мән беруі керек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында жиынды ашып сөз сөйлеген палата Төрағасы Орал Мұхамеджанов осылай мәлім етті.
«Бюджет үдерісінде Парламент рөлінің үздіксіз артуына ұмтылуымыз керек. Парламент депутаттары бюджет жобасына қойылатын нысаналы нұқсаулары мен талаптарын заң жобасы енгізілгенге дейін айқындап алуға тиіс. Бұл ретте, Президенттің мемлекеттік шығыстарды азайту және шұғыл қажеттіліктер үшін қаржы резервтерін қалыптастыру туралы тапсырмасын ескеру қажет», деді О. Мұхамеджанов. Оның айтуынша, заң шығару үдерісі Мәжілістің Үкіметпен тығыз байланыста болып, қоян-қолтық іс-әрекет жасауын талап етеді. Бұл ретте палата Төрағасы Парламент пен Үкіметтің өзара келісімді түрде іс-қимыл жасауды жалғастыра беруінің маңызы зор екендігіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, осындай келісімді жұмыс қана алдағы реформалардың табысты болуын қамтамасыз ете алады.
«Бұл тұрғыда айта кететін мәселе, Үкімет Мәжіліске ұсынылатын заң жобаларының сапасына айрықша мән беруі керек. Өкінішке орай, Мәжілістің қарауына жетілмеген, қалай болса солай құрастырыла салған жобалардың түсуі жиі орын алып тұрады», деді спикер.