Үкімет «Мемлекеттік қызметтер туралы» заңды әзірлеуді жеделдетуі тиіс - Елбасы
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Үкімет «Мемлекеттік қызметтер туралы» заңды әзірлеуді жеделдетуі тиіс.
Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Үкімет «Мемлекеттік қызметтер туралы» заңды әзірлеуді жеделдетуі тиіс. Бизнес үшін әкімшілік кедергілерді қысқарту - басқа аспект. Нәтижелері де көңіл қуантарлық емес. Барлық лицензиялар алғашқы 30 пайызға қысқартылғаннан кейін 1015 рұқсат беру құжатының шамамен 700-і қалуы керек болатын, ал 2011 жылдың соңында жүргізілген түгендеу нәтижесінде, олардың саны қысқартылғанға дейінгіден де асып түсіп, 1137-і құрады», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, мемлекет аппаратын қысқартқанымен, шенеуніктердің, рұқсат беру процедураларын азайтқанымен олардың саны арта түсуде.
«Бұндай жұмыспен күні кеше ғана Парламенттің Үкіметке артқан сенімі ұзаққа бармауы мүмкін», - деді Мемлекет басшысы.
Алдағы кезең өте қиын әрі жауапты екендігін баса айтқан Н.Назарбаев: «Барлықтарыңызға Парламент және менің тарапымнан зор сенім артылды. Осы сенім үдесінен шығып, қуантыңыздар», - деді.