Үкімет, министрліктер мен әкімдіктер арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату ұсынысы әзірленеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет, министрліктер мен әкімдіктер арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату бойынша ұсыныс әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет, министрліктер мен әкімдіктер арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату ұсынысы әзірленеді

«Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған негізгі міндеттердің бірі – мемлекеттік басқаруға әкімшілік реформа жүргізу. Құрылымдық өзгерістер азаматтардың мүдделерін қамтамасыз етуге және экономикада оң өзгерістерге қол жеткізуге бағытталуы тиіс. Мемлекеттік басқару моделі «халық үніне құлақ асатын», тиімді, есеп беретін, кәсіби және прагматикалық мемлекет қағидаттарына сай дамуын жалғастырып, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырудың бағдары болуы тиіс», - деді Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында.

Премьер-Министр осы міндетті іске асыру үшін Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, Үкімет, министрліктер мен әкімдіктер арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату бойынша жаңа ұсыныстар топтамасын дайындауды тапсырды.

«Өкілеттіктерді қайта бөлгенде тиісті орталық және жергілікті мемлекеттік органдар бюджетаралық қатынастарды ескере отырып, жаңа функциялар мен өкілеттіктерді орындауға дайын болуы тиіс. Бұл реформа Үкіметке салааралық мәселелердi шешуге көбiрек көңiл бөлуге мүмкiндiк бередi. Мемлекеттік органдар басшыларының дербестігі мен жауапкершілігі артады «, - деді Үкімет басшысы.


Фото: t.me/KZgovernment