Үкімет моноқалалардағы жұмыссыздық деңгейін 5 пайызға дейін төмендетуге күш салмақ

АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - Үкімет моноқалалардағы жұмыссыздық деңгейін 5 пайызға дейін төмендетуге күш салмақ.

Үкімет моноқалалардағы жұмыссыздық деңгейін 5 пайызға дейін төмендетуге күш салмақ

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту жоспарын таныстырған ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев айтты.

«Бағдарлама екі кезеңге бөлінген, атап айтқанда бастапқы кезең 2013-2015 жылдарды және 2020 жылға дейінгі сенімді даму кезеңін қамтиды. Бұл 2020 жылы келесі мақсатты индикаторларға: бір салалы қалаларда белсенді жұмыс істейтін шағын кәсіпорындардың санын 4 есеге көбейтуге, бір салалы қалаларда ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесін 6 пайыздан аспайтын деңгейге дейін төмендету, бір салалы қалаларда жұмыссыздық деңгейін 5 пайыздан аспайтын деңгейге дейін төмендетуге қол жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс», - деді министр.

Оның атап өтуінше, бағдарламада моноқалалармен қатар ағымдағы жылы бір салалы қалалар тізбесіне кірмеген шағын қалаларды да дамыту жөнінде кешенді жоспарлар әзірлеу қарастырылған. Іс-шараларды қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылатын болады.