Үкімет мүшелері енді мобильді планшеттер арқылы байланысады

азанның 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Үкімет мүшелері енді мобильді планшеттер арқылы байланысады. Бұл туралы бүгін Астанада 4 G ілкі жобасын таныстыру кезінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті.

Үкімет мүшелері енді мобильді планшеттер арқылы байланысады

Аталған байланысты орнату туралы 1 ай бұрын Байланыс және ақпарат министрлігіне тапсырма бергеніне тоқталған К. Мәсімов: «Кешеден бастап Үкіметтің барлық мүшелері мобильді планшеттерге көшті. Ең қызығы, кеше бірінші күні жұмыс уақытында байланысқан кезде Үкімет мүшелерінің барлығы жауап берген еді. Ал кешке қарай планшеттер арқылы Үкімет мүшелерімен байланысқа шығып едім, маған жауапты олардың көмекшілері қайтарды. Атап айтқанда, бұл жабдықтар Үкімет мүшелерінің қолында болуы тиіс. Мәселен, бұл құрылғымен мен өзім жұмыс істеймін»,-деп атап өтті Премьер-Министр.

Айта кетейік, мобильді планшеттер интернет желісі арқылы бейне конференциялар режимінде, сондай-ақ хат-хабар түрінде байланысқа шығуға мүмкіндік береді.

Естеріңізге салып өтейік, қыркүйектің 21-і күні Үкіметтің Байланыс және ақпарат министрлігінде өткен бүгінгі көшпелі отырысында Премьер-Министр министрліктердің және агенттіктердің басшыларын Үкімет басшысының тапсырмасын шұғыл түрде алып отыруға мүмкіндік беретін электрондық жаңашылдықтарды пайдалануға шақырған болатын. Премьер-Министр бұл орайда министрліктер мен агенттіктердің басшылары, соның ішінде өзі де, «құпия емес» электронды пошталарын BlackBerry-ге (бұның көмегімен ұялы телефон арқылы электронды поштаны пайдалануға болады) шығару қажет деп есептейтінін жеткізгентұғын. Осы орайда К. Мәсімов Байланыс және ақпарат министрлігіне Премьер-Министрдің кеңсесімен, сондай-ақ «Қазақтелеком» команиясымен бірлесіп бұл мәселені пысықтауға бір апта уақыт берген-ді. К. Мәсімов қарамағындағыларға тапсырма жүктеу үшін бұл қызмет түрін пайдалануға құлықты екенін және қарамағындағылар да осы қызмет түрі арқылы өзіне тікелей өтініш жасай алатынын атап көрсеткен болатын.

Оның пікірінше, ақпараттандыру үдерісін Үкімет мүшелері алдымен өзінен бастамаса, іс бір орнынан қозғалмайды. «Біз бұл мәселені орнынан қозғауымыз керек. Мен мемлекет басшыларының, үкімет басшыларының автомобильде отырып «құпия емес» пошталарды пайдаланғанны көрдім», деген болатын Үкімет басшысы тапсырманы беріп тұрып.