Үкімет өңдеу кәсіпорындардың несиелерін жеңілдетуді қолдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өнім өңдеу саласындағы кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау картасын іске асыруға тапсырма берді.

Үкімет өңдеу кәсіпорындардың несиелерін жеңілдетуді қолдады

Аталған құжаттың аясында нақты бірнеше сала бойынша өнім өңдеп жатқан нысандардың несиелерін барынша жеңілдетіп, өнеркәсіпті жаңартуға, тіпті жаңа нысандардың құрылысына ақша бөлінбекші, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Негізі, өңдеу кәсіпорындарының картасы бұған дейін жан-жақты талқыланды. "Атамекен" палатасы да аталған бастаманы қолдап отыр. Біз де негізгі бағыттарын қолдаймыз. Дегенмен, бүгін кәсіпкерлер палатасы тарапынан айтылған ұсыныстарды ескере отырып, белгіленген тәртіп бойынша кеңсеге енгізіп, оны қабылдау қажет болады", - деп атап көрсетті Бақытжан Әбдірұлы.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысы барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзаxметов өнім өңдеу кәсіпорындарының картасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болатын нақты нысандардың анықталғанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде республика бойынша ондай нысандардың саны 1 345-ті құрайды. Алайда қазіргі импорттық тауарлардың көлемін ескере отырып, өнім өңдеудің нақты 9 бағыты анықталды. Аталған бағыттар бойынша 435 кәсіпорын жұмыс істейді. Соның ішінде сүт, ет, қант қызылшасы, картоп, майлы дақылдар, бидай, көкөніс, тері мен жүн өңдеу орындары бар. Дәл осы салаларда жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау жасалмақшы. Ауыл шаруашылығы министрлігі оларға өз өнеркәсіптерін жаңартуға, сондай-ақ жаңа кәсіпорындарды салуға жеңілдетілген несиелерді беруді ұсынып отыр.

"Аталған бағыттар бойынша берілген несиелердің мөлшерлемесін субсидиялауға болады. Мәселен, сыйақы ставкасын төмендету бойынша субсидияны 4 пайыздың көлемінде бекіту туралы ұсыныс бар. Оған 24,1 млрд теңге қажет. Несие ставкасын арзандатуға арналған субсидияны 10 пайызға дейін беруге болады. Осы мақсатқа 38,1 млрд теңге керек. Ал жаңа кәсіпорындар мен ескі өнеркәсіптерді жаңарту шараларына тағы 50 млрд теңге қажет болады. Жалпы, өңдеу кәсіпорындарының Картасын толығымен іске асыруға төрт жылда 112,1 млрд теңге кетеді", - деп атап көрсетті Асқар Мырзаxметов.