Үкімет осы айдың соңына дейін еліміздің өндірістік қуаттарын ұтымды орналастырудың картасын әзірлейтін болады
АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мамыр айының соңына дейін еліміздің өндірістік қуаттарын ұтымды орналастырудың картасы әзірленетін болады.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«...Қазақстан Республикасының аумақтарын ұйымдастырудың бас сызбасын жүзеге асыру қабылданғанға дейін инвестициялық жобалардың теңдестірілуін қамтамасыз ету үшін бір ай мерзімде өндірістік қуаттарды ұтымды орналастырудың картасын әзірлеу ұсынылып отыр», - деді отырыста Б. Сұлтанов. Оның сөзіне қарағанда, картада мемлекеттік органдардан және өңірлерден жинастырылған барлық ақпарат ықпалдастырылатын болады. Карта бизнес үшін бағдар бола алады, сондай-ақ басқарушылық шешімдерді қабылдайтын тетік болып табылады. «Картаның негізінде барлық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру шарттарына бағалау жүргізіледі. Қазіргі таңда жобаларды жекеменшік сектор жүзеге асырып жатқанына қарамастан, алдын ала келісімнің жоқтығы ақыр соңында мемлекеттің қолдауынсыз көптеген жобаларды жүзеге асыруда проблема тудырып жатады. Екінші жағынан, инфрақұрылымдық бюджеттік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі мемлекеттік органдардың сұранымдары қуаттар және мерзімдер бойынша нақты мұқтаждықтарға сәйкес келмейді», - деді министр. «Алдағы жұмыс ауқымды. Оның нәтижесі мемлекеттік органдарға және бизнеске өте маңызды. Сонымен бірге Қазақстанның өндірістік қуаттарын тиімді орналастыру жөніндегі картаны әзірлеу жөніндегі іс-шараларды уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілген жұмыс барысында ғана көрсетілген мерзімде қамтамасыз ететін боламыз», - деп тұжырды сөзін Б. Сұлтанов. Бұл бастаманы Министрлер кабинетінің мүшелері толық қолдады. Өз кезегінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов өңірлердегі инвестициялық жобалардың өндірістік қуатын ұтымды орналастыру картасын әзірлеу маңызды мәселе екенін айта келе, осы аптаның соңына дейін оған қатысты қажетті барлық шешімдерді қабылдау керектігін атап көрсетті. «Мен мұны осы жылдың шешуші міндеті деп есептеймін. Үкімет барлық күш-жігерін осы міндетті шешуге жұмылдыруы қажет», - деді К. Мәсімов.