Үкімет отырысы: 2019 жылы 120-ға жуық жоба іске қосылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылы 1,1 трлн теңгенің 120-ға жуық жоба іске қосылады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«2019 жылы жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын 120-ға жуық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар бойынша 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылады»,- деді министр.

оның дерегінше,базалық металдарға қатысты әлемдік бағаның төмендеуіне, негізгі сауда әріптестерге қатысты санкцияларға және басқа да сыртқы факторларға қарамастан, 2018 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп 4,1 пайызға өсті. Бұл тау-кен секторының 4,6 және өңдеуші өнеркәсіптің 4 пайызға озық қарқынмен өсуі есебінен орындалды.

Өнеркәсіп саласы бойынша өңірлер арасында Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары мен Астана қаласы көш бастап келеді. Сонымен бірге, кейбір өңірлерде көрсеткіштің төмендеуі байқалады. Олар: Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстары.

«Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру кезеңінде жалпы құны 7,9 трлн теңге болатын 1 250-ден астам жоба іске қосылып, 120 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Ал, 2018 жылы құны 1,3 трлн теңге болатын 100 жоба іске қосылып, 13 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды», - деді Жеңіс Қасымбек.

Соңғы жаңалықтар