Үкімет отырысы: Н.Назарбаев экономикалық жобаларды қайта қарап шығуды тапсырды
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Үкімет үйінде жұмыс кеңесін өткізген Президент Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру картасы аясында қолға алынған жобаларды қайта қарап шығуды тапсырды.
«Индустрияландыру картасы аясындағы 30 ірі жоба жалпы инвестицияның 90 пайызын алып отыр. Осы жобалардың тек 5-уі ғана дайын өнімді шығаруды көздейді. Ал 11 жоба бізге мүлдем қажет емес өнімді шығарумен айналысады. 220 жоба аясында инвестицияның 80 пайызы мұнай-газ бен тау-кен саласына бағытталып отыр. Бұл нақты үйлестіру жұмысының жоқтығын көрсетсе керек», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Осыған орай, Елбасы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке, оның орынбасары Серік Ахметов пен «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Өмірзақ Шөкеевке әрбір жобаны қайта қарап, оның ел эконоимкасына қаншалықты пайдалы екендігін зерделеп шығуды тапсырды.