Үкімет отырысы шекарада қаза болғандардың құрметіне бір минут үнсіздікпен басталды
АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Министрлер кабинеті шекарада қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
«Бүгінгі күнді Елбасы Қазақстан Республикасында шекарашылардың қаза табуына байланысты ұлттық азалы күн деп жариялады», - деп тоқталған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, отырысқа қатысушылармен бірге қаза болғандарды 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен шекарашылардың қазаға ұшырауына байланысты бүгін Қазақстан Республикасында ұлттық аза тұту жарияланды.
15 адам - 14 шекарашы мен бір қорықшы қаза тапқан лаңкестік акт мамыр айының 27-сінен 28-іне қараған түні болды. «Сары бөктер» заставасының «Арқанкерген» шекара бекеті Алматы облысы Үшарал қаласының аудан орталығынан 220 шақырым жерде, тауда орналасқан.
Шекарашылар қызметке келесі өңірлерден келді: Атыраудан - 4; Ақтөбеден - 2; БҚО-дан - 1; Қарағандыдан - 2; Жамбылдан - 2; Павлодардан - 1; Алматыдан - 3.
Бүгін республикалық газеттердің бірінші беттерінде көңіл көтеретін ақпараттар, күлдіргі әңгімелер орналастырылмайды, көңіл көтеруге бағытталған телебағдарламалардың, сондай-ақ мемлекеттік БАҚ-тарда жарналамалардың көрсетілімі тоқтатылады. Барлық мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындар мен ұйымдардың ғимараттарында мемлекеттік Тулар түсіріледі.