Үкімет отырысында ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған жоспары талқыланады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең ҚР Үкімет басшысы Серік Ахметовтің төрағалығымен өтетін Үкімет отырысында ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған жоспарының орындалу барысы талқыланады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев дәстүрлі брифингте мәлім етті.
«Бұл бағдарламаны орындау барысы жайлы еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков пен облыс әкімдері, сондай-ақ, ірі қалалардың әкімдері де баяндама жасайды», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, ресми өкілдің хабарлауынша, 18-19 ақпанда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған үкіметтік делегация Минискіде өтетін Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысына қатысады.