Үкімет отырысында «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның жүзеге асырылуы жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды
АСТАНА. 24 наурыз. ҚазАқпарат Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен ҚР Үкіметінің отырысы өтті,
деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Отырыс барысында «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның жүзеге асырылуы жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды.
«Мемлекеттік мүлік туралы» Заңды жүзеге асыруға қажетті іс-шаралар жоспарының жобасын Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова таныстырды.
Жобаға мемлекеттік мүлік саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі кешенді іс-шаралар, мемлекеттік мүлікке берілетін жекеменшік құқығын алуы, иелік етуі, пайдалануы, есепке алуы, мониторинг жасауы, оны пайдаланудағы бақылау мен басқарудың тиімділігін бағалау, республикалық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік жекеменшік құқығын тоқтату енгізіліп, заң талаптарын орындау бойынша іс-шараларды атқарудың нақты уақыты қарастарылған.
Талқылау қорытындысы бойынша ҚР Үкімет басшысы орталық және жергілікті атқару органдарына аз уақыт ішінде осы құжатқа ұсыныстар мен ескертулер енгізуді тапсырды.
Экономикалық даму министрлігі іс-шаралар жоспарының жобасын пысықтайды және оны Үкімет қарауына енгізеді.