09:36, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» қоры арқылы БТА Банктің 78,14 пайыз қарапайым акцияларын сатып алу туралы шешім қабылданды
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат (Ернұр Ақанбай) - Бүгін Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры арқылы БТА Банктің 78,14 пайыз қарапайым акциясын сатып алу туралы шешім қабылданды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «БТА Банкі бойынша қабылдаған қаулының нәтижесінде «Самұрық-Қазына» қорының үлесін қалыптастыру 78,14 пайыз деңгейінде болады. Бұл орайда қазіргі акционерлердің үлесі акциялар санын сақтап қалу арқылы 21,86 пайыз деңгейіне дейін төмендейді», деді отырыста Премьер-Министр К. Мәсімов.Оның айтуынша, аталған шара БТА Банктің қосымша қор деңгейін қалыптастыру, банк салымшылары мен кредиторларының мүддесін қорғау, және ҚР-дағы банк жүйесінің және банктің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажеттілік болып табылады. «Бүгін «Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесінің отырысы өтеді. Онда Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен БТА Банктің қайтадан шығарылған қарапайым акцияларын сатып алу туралы және БТА Банк директорлар кеңесі мен басқармасының мүшелерін тағайындау туралы шешім қабылданады, деді К. Мәсімов.«Осымен бір мезгілде «Самұрық-Қазына» қоры әлеуметтік- стратегиялық инвесторлармен акциялар пакетінің бөлігіне құқық беру туралы келіссөздерді жүргізуді бастайды. Қазіргі таңда Ресей жинақ банкінің өкілдерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр», деді Премьер-Министр.Үкімет басшысы жоғарыдағы шара БТА Банкті мемлекеттендіру болып табылмайтынын және заңдылыққа сәйкес уақытша мазмұнға ие екенін және мемлекеттің акционерлер құрамынан шығуды көздейтінін атап көрсетті. «Осы сәттен бастап, мемлекет БТА Банктің капиталына кірді. Банк аяғынан мығым тұр. Еліміздегі жеке және заңды тұлғалар бұл Банктің болашағы үшін алаңдамаулары тиіс, деп тұжырды сөзін Премьер-Министр.