Үкімет Парламентке «Экология туралы» заң жобасын ұсынбақ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Асқар Мамин экологиялық мәселелерді реттеуде ең үздік технологиялар бюросын құру мәселесін пысықтауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаңа экологиялық кодекс әзірленді. Оның басты қағидаты – ластаушы төлейді, ластаушы қалпына келтіреді. Кодексте қоршаған ортаны ластағаны үшін айыппұл төлегенше кәсіпорындарға өндірісті жаңғырту арқылы жаңа технологияларға қаражат салу тиімді болу үшін жағдай жасалуда. Сондай-ақ, кодекс жобасында ластаушы кәсіпорындардың қоршаған ортаға зиянды заттарды шығарған көлемін үнемі қадағалап отыруға мүмкіндік беретін автоматтандырылған платформа құру көзделген. Бұл және басқа да шаралар экологиялық жағдайды жақсартуға әрі халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.
Премьер-Министр сонымен бірге тағы бір мәселеге назар аудару керектігін ескертті.
«Жаңа экологиялық кодекстің жобасында кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін азайту мақсатында ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу көзделген. Дегенмен, жаңа экологиялық технологияларды талқылау мен мониторингтеу бойынша ең үздік қолжетімді технологияларды тартқан жөн. Мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар осы мәселені назарға алсын. Осыған байланысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне «Жасыл технологиялар» инвестициялық жобаларының халықаралық базасында ең үздік қолжетімді технологиялар бюросын құру жөніндегі мәселені пысықтауды тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр бүгінгі күні еліміздегі полигондарда 120 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық жинақталғанын атап өтті.
«Осы тұрмыстық қалдықтарды азайту мақсатында жауапты министрлік өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қалдықтарды сұрыптауды, нысандарды салу үшін жер учаскелерін беруді тапсырамын. Үшіншіден, Париж келісімінің міндеттемелерін іске асыру мақсатында төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеуде мемлекет алған халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мүдделі меморгандармен бірлесіп, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу жөніндегі арнайы тәсілдер мен құралдарды әзірлеу керек», - деді ол.
Осылайша, Үкімет экология туралы заң жобасын Парламентке қарауға жібермек.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев тиісті шара қабылданбаса, 2030 жылы болжам бойынша ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 млн тоннаға дейін өсетінін болжаған еді.