Үкімет пен министрліктер Түркістан облысының қалыптасуына назар аударсын - Н.Назарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет пен министрліктер Түркістан облысының қалыптасуына лайықты назар аударулары қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңіз де білетіндей, осы жылдың шілде айында Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі беріліп, жаңа Түркістан облысы құрылды. Қасиетті Түркістан қаласында жаңа облыс орталығының құрылуы дербес әкімшілік орталық ретіндегі өңірдің тарихи мәнінің қайта өрлеуінің белгісі саналады. Үкімет пен министрліктер облыс орталығының құрылысына, қалыптасуына лайықты назар аударулары тиіс. Қазақстандағы бизнес те бұл жұмыстарға араласуы қажет. Мен де ол жаққа бармақпын, басшылармен бірлесіп, мән-жайды талқылайтын боламыз. Таяу уақытта дамыған жаңа облыс орталығы, экономикамыз бен бизнесіміздің жаңа өсім нүктесі пайда боларына сенімдімін», - деп атап өтті Елбасы.
Қазақстан Президенті облыс орталығының Түркістанға көшірілуі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ғана емес рухани жағынан да аса маңызы бар екенін баса айтты.
«Ол еліміздің ең киелі жерлерінің бірі. Тарлан тарихымызда талай тағдырлы шешімдер осында қабылданған. Есімдері ел тарихында мәңгі жазылған біртуар тұлғаларымыз осында жай тапқан. Халық тығыз қоныстанған тұтас оңтүстіктік өңірдің дамуы жаңа облыс орталығының жұмысын тиімді ұйымдастыруға байланысты. Сондықтан Үкімет пен әкімшілік бұл жерде тығыз жұмыс істеуі керек. Сонымен бірге республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленген Шымкенттің тыныс-тіршілігі де назарда болуы тиіс»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.
ҚР Президентінің атап өтуінше, таяу уақытта Парламент қарауына жаңадан құрылған әкімшілік-аумақтық бірліктің толыққанды жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасы енгізілетін болады.
Айта кетейік, бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.
Жиын барысында Президент 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен азаматтардың табыс салығы 10 есеге азаятындығын айтты.
Сондай-ақ Елбасы құзырлы орган өкілдеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қалыптасқан мәселелерді шешуді тапсырды.