Үкімет пен Парламенттің өкілеттіктерін күшейту олардың жауапкершілігін арттырады - сарапшы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет пен Парламенттің өкілеттіктерін күшейту олардың жауапкершілігін арттырады. Мұндай пікірді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкінбаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Меніңше, экономикалық өзгерістер мен реформалардың саяси түрленуімен қатарласа орын алуы өте маңызды аспекті саналады. Бұған қоса, ол алдағы уақытта жүзеге асырылатын реформалардың табысты болуының кепілі де. Яғни, оларды экономикалық та, саяси да салаларда жеделдету қажет. Тағы бір маңызды мәселе Қазақстанның аумақтық тұтастығына қатысты болып отыр. Дегенмен, бұл бап қазіргі Конституция нұсқасында болғанымен ол Тәуелсіздік деп аталатын тармақпен күшейтіледі. Қазіргі әлемде Қазақстанға, оның аумақтық тұтастығына қатысты кейбір саясаткерлердің айтқан пікірлерін ескерер болсақ, бұл бап сыртқы аренада халықаралық құқық тұрғысынан Қазақстанды қорғай түседі», - деді ол.
Осы орайда сарапшы Үкімет пен Парламенттің өкілеттіктерін күшейту олардың сайлаушылар мен халық алдындағы жауапкершілігін арттыра түсетіндігін айтты.
«Әрине, мемлекеттік бағдарламалардың қызметі барынша ашық бола түседі. Бұған қоса, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жауапкершілігі де артады. Яғни, түрлі аралық буындар болмайды, бір-біріне немесе жоғары сатыға жауапкершілікті ығыстыру орын алмайды. Яғни, нақты мемлекеттік бағдарламаға белгілі бір министрлік, ведомство немесе толықтай алғанда Үкімет жауап береді. Соған сәйкес мемлекеттік бағдарламаның табысты болуына немесе нәтижесіздігіне кім жауап беретіндігі айқындалады», - деді ол.