Үкімет Ресей төңірегіндегі ахуалдың Қазақстан экономикасына теріс ықпалының алдын алу жөніндегі жұмыс тобын құрды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет Ресей төңірегіндегі ахуалдың Қазақстан экономикасына теріс ықпалының алдын алу жөніндегі жұмыс тобын құрды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова мәлім етті.
«ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасына сәйкес экономикалық блок министрліктері мен Ұлттық банк бірлесіп, Ресей төңірегіндегі, толықтай алғанда әлемдегі ахуалдың қаржы, банк секторларындағы, жалпы макроэкономикалық саясаттың тұрақтылығын қамтамасыз етудегі Қазақстан экономикасына теріс ықпалдарының алдын алу жөніндегі жұмыс тобын құрды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, долларсыздану аясындағы шаралардың бірі ретінде халықтың ұлттық валютаға сенімін арттыру, сондай-ақ теңгемен кепілдендірілген депозит көлемін көтеру мүмкіншілігі қарастырылуда.