Үкімет сағатында құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық сектор мәселелері талқыға салынады

АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат - Еліміздің ірі және шағын қалаларында құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты ретке келтіру - бүгінгі таңдағы көкейкесті мәселелердің бірі.

Үкімет сағатында құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық сектор мәселелері талқыға салынады

Осы бағытта 2009 жылы қандай істер атқарылды? Шешілмеген түйінді мәселелерді заңнамалық тұрғыда реттеудің жолдары қандай? Осы сұрақтарға дүйсенбі, қаңтардың 25-і күні, Мәжілісте өтетін Үкімет сағатында жауап беріледі. Бұл күні парламентшілер «Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің 2009 жылғы жұмысының қорытындылары және тұрғын үй-коммуналдық секторды реформалаудың негізгі бағыттары туралы» тақырыпты талқыға салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет сағатында аталған тақырып бойынша ҚР Құрылыс және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин баяндама жасайды. Сонымен қатар осы мәселе төңірегінде депутаттардың сұрақтарына жауап береді деп күтілуде.

Үкімет сағаты Мәжілістің отырыс залында сағат 10-00-де басталады.