Үкімет шекаралық өңірлерді дамыту жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарлама жасауы керек - Қ. Сұлтанов
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Қуаныш Сұлтанов Үкімет басшысының атына сауал жолдап, онда еліміздің шекаралық өңірлерін дамыту мәселесін көтерді.
Сауал барысында Елбасы Жолдауында жүктелген өңірлерді дамыту мәселелеріне тоқтаған депутат, соған орай Үкімет бағдарламасы аясында еліміздің шекаралық жағдайына арнайы мән берілуі тиістігін атап өтті. Бұл ретте Қуаныш Сұлтанұлының айтуынша, әсіресе Қазақстан-Қытай шекаралық өңірлерінің, әлеуетінің, елдің тұрмысы, жұмыс орны, демографиялық хал ахуалы, әкімшілік-аймақтық құрылымы Үкімет тарапынан жаңа көзқарасты талап етеді.
«Қытай Үкіметі 1990 жылдан бері қарай батыс өңірлерді, яғни Шыңжаң өлкесін дамыту жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарламаны өте нәтижелі жүзеге асыруда. Жарияланған мәліметтер бойынша он жылда Шыңжаң өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тек мемлекет қазынасынан 100 млрд. доллардан астам қаржы құйылды. Гонгконг, Шанхай, Бейжің, Ченьжень сияқты қалалардың бұған қосқан үлесі екі есеге дейін артық», - дейді Қуаныш Сұлтанұлы. Депутаттың сөзіне қарағанда, шекараның арғы жағына 100 шақырым ендікке ішкі Қытайдан миллиондаған адамдар көшіріліп жаңа қалалар, ондаған елді мекендер қанат жайған. Ірі өндіріс орындары ашылып, инфрақұрылымдар бой көтерген. «Қорғастан 80 шақырымда тұрған Құлжада бір кезде небәрі 100 мыңға тарта тұрғын болса, қазір онда 1 млн. нан астам «хансулықтар» тұрады. Керісінше, 1 мың 700 шақырым шекара ұзындығының Қазақстан жағындағы 100 шақырым ендігінде тұратын барша халықтың саны 400 мыңның айналасында ғана. Бұл ендіктегі ең үлкен қала - 33 мың адам тұратын Жәркент қаласы. Шекаралық Райымбек, Нарынқол, Үшарал, Үржар, Мақаншы, Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл, Қатонқарағай және тағы басқа да елді мекендерде халық саны өте селдір. Оның үстіне 90-жылдары дағдарыстан құлдыраған аудандардан көп адам көшіп кетті», - дейді Қ. Сұлтанов.
Осыған орай, депутат шекара маңында халық санын өсіруге, тұрғындарды тұрақтандыруға қатысты шаралар жасалуы керектігін атап өтті. «Сондықтан Үкімет шекаралық өңірлерді дамыту жөнінде арнайы мемелкеттік бағдарлама жасап, тіпті арнайы заң қабылдауы керек деп білемін. Әкімшілік аймақтарды қайта құрылымдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, демографиялық мәселелер, ұлттық рухани шаралар жиынтығын сол бағдарламада қарастырғаны заман сұранысына жауап берер еді», - деді Қ. Сұлтанов.