Үкімет шетелдік инвестицияларды тартудың жаңа тәсілдерін талқылайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин шетелдік инвестицияларды тартудың жаңа тәсілдерін талқылауға арналған жиын өткізеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі кезде әлемдік экономиканың өсу қарқыны төмендеуде. Ал xалықаралық сарапшылар мен даму институттарының болжамы бойынша әлемдік экономиканың өсу қарқыны 2018 жылғы 3,6 пайыздан ағымдағы жылы 3,3 пайызға дейін төмендейді.

"Осындай жағдайда экономиканың инклюзивті әрі сапалы дамуын қамтамасыз ету - аса маңызды міндет. Экономиканың сапалы дамуы негізгі капиталға салынатын инвестициялармен байланысты. Соның ішінде тікелей шетелдік инвестициялық саясат басым бағыт болып табылады. 18 сәуірде шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жаңа тәсілдерді талқылау мақсатында мемлекеттік органдар басшылары мен инвестициялық саясатқа жауапты әкім орынбасарларының қатысуымен жиналысты өткіземіз. Барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар экономиканың өсу қарқынын арттыруға тиісті шараларды ұйымдастыру қажет", - деді А.Мамин Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Айта кетейік, биыл қаңтар-наурыз айларында жалпы ішкі өнім 3,8 пайызға өсті. Әсіресе, құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі мен көлік саласының өсімі барынша байқалады.

"Негізгі көрсеткіштер бойынша бірінші тоқсанда Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Павлодар мен Қызылорда облыстары жақсы нәтижеге жетті. Сонымен қатар, Ақмола облысында және елордада құрылыс пен инвестициялар бойынша көрсеткіштер төмендеп кеткен. Осы бағыттағы жұмыстардың нашар деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтемін", - дейді А.Мамин.

Соңғы жаңалықтар