Үкімет тарапынан мемлекеттік тілдің дамуына жан-жақты материалдық-техникалық және қаржылай қолдау жалғаса беретін болады - ҚР Премьер-Министрі

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет тарапынан мемлекеттік тілдің дамуына жан-жақты материалдық-техникалық және қаржылай қолдау жалғаса беретін болады. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өтіп жатқан «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми конференцияға жолдаған хатында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлімдеді.

Үкімет тарапынан мемлекеттік тілдің дамуына жан-жақты материалдық-техникалық және қаржылай қолдау жалғаса беретін болады - ҚР Премьер-Министрі

Үкімет басшысының жолдаған хатын жиынған жетекшілік еткен ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы Н. Назарбаевтың ағымдағы жылғы Жолдауында белгіленгендей, алдағы кезеңдер жаңа экономикалық өрлеумен қатар, еліміздің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашып отыр. Осы мақсатта алдымен елімізде мәдени-рухани дамуға қол жеткізіп қана қоймай, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту бағытында маңызды фактордың бірі болып отырған - мемлекеттік тіл саясатының орны қашан да бөлек. Бұл ең алдымен Қазақстанның бүгінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезеңінде мемлекеттік тіл болып табылатын - қазақ тілінің мәртебесін көтеру, оның беделін, әлемдік бәсекедегі қабілеттілігін арттыруға жұмылдыруға тиіс екендігімізді көрсетіп отыр. Биыл тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мәресіне жетіп келеді. Бағдарлама өзінің тарихи міндетін орындады. Республиканың мемлекеттік билік пен басқару органдарының барлығы іс жүргізуді мемелкеттік тілге көшірді деп айтуға болады. Мемлекеттік тіл саясаты барлық салада өз деңгейінде жүзеге асты. Елбасының тапсырмасы бойынша алдағы уақытта 2011-2020 жылдарға арналған тіл бағдарламасын әзірлеп, қабылдауға байланысты жұмыстар жүргізілуде. Үкімет тарапынан осы бағытта мемлекеттік тілдің дамуына жан-жақты материалдық-техникалық және қаржылай қолдау жалғаса беретін болады, деп сендіремін», делінген Үкімет басшысының хатында.

Сонымен бірге, К. Мәсімов конференцияға қатысушыларға, тіл жанашырларына алғысын білдіріп, жиынның мемлекеттік тілдің қоғамда лайықты орнын алуына орасан септігін тигізеді деп санайтындығын жеткізеді. «Конференция сәтті өтсін, туған тіліміздің игілікті нәтижесіне қол жеткізуге жарқын жол ашсын», делінген жолдауда.