Үкімет Тараз қаласы және Байзақ, Жамбыл аудандарының әкімшілік шекараларын өзгерту туралы қаулының жобасын мақұлдады
АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - ҚР Үкіметі Жамбыл облысы Тараз қаласы және Байзақ, Жамбыл аудандарының әкімшілік шекараларын өзгерту туралы қаулының жобасын мақұлдады.
Аталған құжатты бүгін Астанада өткен Үкімет отырысында Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тараз қаласы халқының саны соңғы халық санағы бойынша 349 мың адам. Қала аумағы 12 мың 800 гектар. Кейінгі жылдары Тараз қаласы халқының саны біршама өсті. Атап айтқанда, 2013 жылы қала тұрғындарының саны 365 мыңға, ал 2025 жылы 500 мыңға жетеді деп есептеліп отыр. Таразда тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін бөлу ерекше өткір мәселе болып отыр», деді әкім.
Оның айтуынша, Байзақ және Жамбыл қала маңы аудандары жерінің есебінен облыс орталығының шекарасын 5 мың 953 гектарға кеңейту бойынша дайындық жұмыстары аяқталды.
10 шақырым ұзақтықта аумақты кеңейту негізінен қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде белгіленіп отыр. Кеңейтілетін жер аумағына әсіресе ауыл шаруашылығы, шаруа қожалықтарының, мемлекеттік қордың жерлері енген. «Шаруа қожалықтарының жерлерін сатып алуға 162 миллион теңге қарастырылған»,деді Қ. Бозымбаев.