Үкімет техникалық реттеу және метрология жүйесін жетілдірудің 2020 жылға дейінгі кешенді жоспарын қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Үкіметі Техникалық реттеу және метрология жүйесін жетілдіру бойынша 2020 жылға дейінгі кешенді жоспар жобасын қабылдады.
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Біржан Қанешев мәлім етті.
«Жоба техникалық регламент базасын қалыптастыру, бәсекеге қабілетті өнімдер өндірісі үшін жағдай жасау, отандық тауарларды халықаралық және өңірлік нарықтарға жылжытуға көмектесу, метрологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету мен өлшеулер тексерулігіне қол жеткізу, мемлекеттік бақылау тиімділігін арттыру, мемлекеттік қызметтердің қол жетімділігі мен техникалық реттеу және метрология саласында жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу сияқты бөлімдерден тұрады», - деді ол.
Комитет басшысының атап өтуінше, техникалық регламенттер базасын қалыптастыру бойынша шаралар аясында техникалық сарапшылар тізбесін қалыптастыру және олардың Кеден одағы мәселелері бойынша жұмысшы топтардың жиналыстарына қатысуын қамтамасыз ету қажет.