Үкімет туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі бүгінгі отырыста туристік саланы дамытудың тұжырымдамасын бекітті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев айтты.
Оның айтуынша, тұжырымдама еліміздегі бес туристік кластерді дамытуды көздейді. Олар - Астана, Алматы, Шығыс, Оңтүстік және Батыс Қазақстан.
Астана мен Алматы туризмнің іскерлік орталығы ретінде, Шығыс Қазақстан кластері экологиялық туризмнің орталығы ретінде, Батыс Қазақстан кластері мәдени және жағажай туризміне икемдендіріледі, ал Оңтүстік Қазақстан кластерінде мәдени туризм дамытылады. Сондай-ақ Алматыда халықаралық тау туризмін дамыту да қолға алынбақ.
Тұжырымдаманың негізгі мақсаттарының бірі - елдің жалпы ішкі өніміндегі туризм үлесін көбейту және жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу. Құжатты жүзеге асыру шеңберінде осы және қосалқы саладағы жұмыс орындарының санын бірнеше есеге арттыру жоспарланып отыр.