Үкімет Түркістан облысындағы инвестициялық жобаларға қосымша 9,1 млрд теңге бөледі

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында айтты.
«2023 жылға бекітілген республикалық бюджетте Түркістан облысының инвестициялық жобаларын іске асыруға 5,4 млрд теңге сомасында шығыстар көзделген. 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде Республикалық бюджет комиссиясының 2023 жылғы 28 ақпандағы № 5 шешімімен облыстың инвестициялық жобаларын іске асыруға 9,1 млрд теңге сомасында қосымша шығыстар қолдау тапты», - деп жазылған жауапта.
Үкімет басшысының айтуынша, бұл қаражат бірнеше жобаға жұмсалмақ.
«Әкімшілік іскерлік орталықта инженерлік инфрақұрылым салуға – 6 млрд теңге, мұз сарайын салуға және «Әзірет-Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыруға – 2,5 млрд теңге, Сауран ауданында әкімшілік ғимараттар салуға - 0,6 млрд теңге. Түркістан облысының жобаларын одан әрі қаржыландыру мәселесі 2024 - 2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасын қалыптастырғанда кезеңдік тәртіппен қаралатын болады», - делінген жауапта.