Үкімет Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын бекітуге ұсынуы тиіс - М. Нәрікбаев
АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет 2010 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын бекітуге ұсынуы тиіс.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында «Құқық қорғау жүйесін реформалау және оның одан әрі ізгіленуі» тақырыбында баяндама жасаған Палата төрағасының орынбасары Мақсұт Нәрікбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы халыққа жолдауында Ұлттық қордың 8 млрд. доллардан аспайтын қаражаты жыл сайын елімізді индустрияландыру шараларын қаржыландыруға жұмсалуы тиістігін айтты. Осыған сәйкес, Үкімет 2010 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын бекітуге ұсынуы тиіс», деді М. Нәрікбаев. Сонымен бірге, аталған мәселенің өзектілігін есепке алған ол, жаңа тұжырымдаманың негізгі қағидаттарына қатысты пікірін білдірді. Оның пайымдауынша, Ұлттық қордың қаражаттарын басқару тетігі бойынша функциялаудың екі тәртібі қарастырылуы шарт. «Оның бірі - экономиканың қалыпты жағдайындағы функциялау болса, екіншісі - дағдарыс кезеңіндегі экономиканы басқару қызметі. Ұлттық қордан қаражатты бөлу қайтарымдылық және қайтарымсыздық қағидаттарын еске ала отырып, жүргізілгені орынды», деді М. Нәрікбаев.