Үкімет үшем дүниеге әкелген ата-ананы кезексіз баспанамен қамту мәселесін қолдайды
Еске сала кетейік, құжат Сенаттың жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Жалпы, заң жобасы бойынша тұрғын үй қатынастары саласында әкімшілік құқық бұзушылықтардың жаңа құрамдары енгізіледі. Мемлекеттік тұрғын үй алуға үміткер адамдардың тобын анықтай мақсатында «бюджеттік ұйымдар» ұғымы енгізіледі. Сонымен қатар, уәкілетті органдардың тұрғын үйге қойылатын техникалық талаптары бойынша құзыретін анықтау қарастырылып, кондоминиум нысанын басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету көзделеді.
Тоқтала кететін жайт, заң жобасында көп балалы отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алғанға дейін олардың кезегін сақтау, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынан айырылған балалардың тұрғын үйге сөзсіз құқығын сақтай отырып, олардың арасында пәтерлер бөлу үшін ең кемі жиырма пайыздық квота бекіту туралы ұсыныстар да қабылданған.
Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Үкімет Астана мен Алматы қалаларын қоспағанда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте тұруға қатысты қалаларда тұру мерзімін төмендету туралы сенаторлардың ұсынысын қолдаған. Сонымен қатар, бірінші оқылым барысында депутат Қуаныш Айтаханов көп балалы отбасыларға, үшемдерді дүниеге әкелген ата-анаға баспананы кезексіз беру туралы бастама көтерген болатын. «Баспананы «Алтын алқа» белгісін иеленген көп балалы аналарға бірінші кезекте, сонымен қатар, үшемдерді дүниеге әкелгендерге баспананы кезексіз беруге қатысты мәселені Үкімет ішінара қолдап отыр. Бұл ретте аталған санаттағы тұлғаларды баспанамен қамту құқығын жергілікті атқарушы органдарға жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етуге беру ұсынылады», - деді Қайырбек Өскенбаев.