Үкімет үшемдерге баспананы кезектен тыс беру мәселесін болашақта шешуге уәде берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенаторлар Үкіметтен үшемдерге баспананы кезектен тыс беретін заң нормасын келешекте қабылдайтынына үміт білдіреді. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында тұрғын үй қатынастары мәселесіне арналған заң жобасын талқылау барысында осы мәселе көтерілді.
None
None

Еске сала кетейік, заң жобасының аясында сенатор Қуаныш Айтаханов үшем тапқан аналарға баспананы кезексіз беру мәселесін көтерген болатын. Алайда, Үкімет аталған норманы ішінара ғана қолдап, ондай мәселені жергілікті атқарушы органдарға өз мүмкіндіктері шеңберінде шешуге жолдаған.

«Заң жобасын бірінші оқылымда қарау барысында үшем және одан көп бала туған адамдарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезектен тыс құқық берілсін деген норманы енгізу ұсынылған еді. Алайда, бұл норманың шығындылығына байланысты Үкімет теріс қорытынды беріп отыр. Сонда шығын болатын бюджет қаржысы небәрі 500-600 млн. теңге екен, одан да аз болуы мүмкін. Үкімет өз жауабында бұл норманы жергілікті атқарушы органдарға үшем және одан да көп бала туған аналарды көтермелеу құқығын беру жолымен жергілікті бюджеттің мүмкіндігі шеңберінде шешуге болады деп санайды. Ал неге бұны заңмен шешпейді. Өйткені, жергілікті атқарушы органдар бұл мәселені қазірдің өзінде мүмкіндік шеңберінде, заңсыз жолмен шешіп отыр ғой. Біздің бар өтінішіміз жергілікті әкімдіктерге заңды жолын тауып беру ғана болатын», - деді Қуаныш Айтаханұлы.

Бұл ретте сенатор атқарушы биліктен аталған мәселенің қолдау таппағанына өкініш білдірді. «Ендеше Үкімет өздерінің жауабында айтқанындай, алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдар туралы заңға өзгерістер енгізіп, онда әкімдерге үшем туған ата-аналарды баспанамен кезектен тыс қамтамасыз етуге міндеттейтін норманы шешіп беруі керек», - деді Қ. Айтаханұлы.

Дәл осы мәселені сенатор Ертарғын Астаев та қолдады. «Елбасы Қазақстан халқының санын арттыру үшін Үкіметке толыққанды шаралар қабылдауды басым түрде айтқан. Үшем туралыға келсек, Үкімет бар мәселені қаражатқа тіреп отыр. Ал ресми органның ақпаратына қарағанда «Алтын алқа» жәрдемақысын алатын адамдар саны 74 мың әйел, ал үшемді дүниеге әкелгендер одан да аз. Сонымен қатар, үшем - бұл адамдардың жоспарлаған жұмысы емес, бұл - табиғаттың берген сыйы, Құдайдың жарылқауы», - деді Е. Астаев. Оның сөзіне қарағанда, 2013 жылы елімізде үшем тапқан аналар саны 50 ғана болса, 2014 жылы 43 болды. Егер үш бөлмелі пәтерді санағанның өзінде оларға кететін шығын 300-700 млн. теңге аралығында.

«Мен осы сұрақ қайта қаралуы керек деп санаймын», - деді Е. Астаев.

Ал тағы бір сенатор Сәрсенбай Еңсегенов мәселенің өзекті екенін айта келе, үш және одан да көп бала туған аналарға кезексіз пәтер беру мәселесі қолдау таппағанымен, Үкімет бұл мәселені болашақта шешуге уәде берген.

«Кеше комитеттің кеңейтілген отырысында министрлік өкілі мұны қолдайтынын айтты. Болашақта жергілікті атқарушы органдар туралы заңға өзгерістер енгізілетініне нақты жауап берді. Ендеше, осыған сенеміз», - деді С. Еңсегенов.

Соңғы жаңалықтар