Үкімет ұсынған ағымдағы бюджеттің өзгерістері дағдарысқа қарсы шараны және әлеуметтік сипатты айқын көрсетеді ? К.Мәсімов

АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет ұсынған ағымдағы бюджеттің өзгерістері дағдарысқа қарсы шараны және әлеуметтік сипатты айқын көрсетеді.

Үкімет ұсынған ағымдағы бюджеттің өзгерістері дағдарысқа қарсы шараны және әлеуметтік сипатты айқын көрсетеді ? К.Мәсімов
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінгі талқыланып отырған республикалық бюджет жобасы отандық экономикаға әлемдік дағдарыстың жағымсыз әсерін төмендетуге арналған жұмыстардың көрінісі болып табылады. Сондай-ақ бюджет жобасы ең алдымен халықтың табысына және жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталады. Осыған орай, Үкімет ұсынып отырған ағымдағы бюджеттің өзгерістері дағдарысқа қарсы шараны және әлеуметтік сипатты көрсетеді. Мемлекетіміздің дағдарыс кезеңінде дамуына негіз қалау үшін орта және ұзақмерзімді фискалды тұрақтылық сақталуы тиіс. Осындай жағдайда Үкімет екі негізгі бағытты бағдарлап отыр»,- деді К. Мәсімов. Үкімет басшысының айтуынша, ондай бағыттың бірі басым емес шығыстарды қысқарту болса, екіншісі бюджеттің әлеуметтік құрамын, оның ішінде жұмыспен қамту мен халықтың табысын қолдау арқылы күшейту болып табылады. Сонымен бірге Үкімет дағдарыстық жағдайға қарамастан, қолға алынған инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды, оның ішінде агроөнеркәсіп кешенінің ілкі жобаларын жүзеге асыруды жалғастыра беретін болады. Бұл салаға қажетті шығыстар да бюджетте қамтылып отыр. Мәселен, республиканың оңтүстік және орталық өңірлеріндегі электр энергиясына сұранысты қамтамасыз етуге орай, Балқаш ЖЭС құрылысы жалғасатын болады. Бұдан басқа, «Бейнеу-Шымкент» газ құбыры құрылысы, Атырау облысындағы газ-химиялық кешен құрылыстары жүзеге асады. Көксарай нысаны құрылысын қаржыландыруды қосымша 10 млрд. теңгеге арттыру көзделеді.