Үкімет үйінде «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесін құру бойынша кеңес өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет үйінде Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесін құру жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
«Ауыл аманаты» жобалық кеңсесін құрудағы мақсат – халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыру барысын және ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бақылау.

Аталмыш шараға Amanat партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев қатысып, Жобалық кеңсенің республикалық, облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі декомпозициясын, сонымен қатар ауылдарды талдауды, ауылдық округтердің мамандануын, технологиялық карталарды, кооперацияларды құруды және тағы басқаны таныстырды.

«Экономикалық зерттеу институты» АҚ басқарма төрағасы Руслан Сұлтанов халықтың табысын арттыру бағдарламасының, ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының және «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылуын бақылау бойынша ойымен бөлісті.
Сондай-ақ жиында «Yevniy consulting group» компаниясының директоры Арман Евниевтің және Amanat партиясы сарапшыларының пікірлері тыңдалды.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Жобалық кеңсені құруды, оның Ережесін әзірлеуді және кадрлық құрамды анықтауды тапсырды.