Үкімет заң жобаларының сапалы дайындалуына назар аударса игі - Қ. Тоқаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының ағымдағы сессия бойынша соңғы жалпы отырысы өтті. Осыған орай, палата жұмысын қорытындылаған Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәселелерге назар аудартты.
«Біз осымен палатаның төртінші сессиясындағы жұмысын аяқтадық. Осы парламенттік маусым ішінде қоғамдық-саяси маңызды шешімдердің куәсі болдық. Елімізде жалпыхалықтық бастамадан бастау алған президенттік сайлау өтті. Отандастарымыз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен тығыз байланыстыратын тарихи таңдауын жасады»,-деді спикер Қ. Тоқаев.
Бұдан бөлек, Палата Төрағасы әлемдік экономикада орын алған жағымсыз құбылыстар мен халықаралық деңгейдегі қайшылықтар өзекті бола түскенін, уақыттың сын-қатерлеріне дайын болу үшін заман талабына сай жедел әрекет етіп, шешімдер қабылдауға әрдайым әзір болудың маңыздылығы арта түскенін алға тартты.
«Осы сын-қатерлердің теріс салдарына сындарлы жауап ретінде Елбасы Қазақстанның оң дамуын қамтамасыз етуге бағытталған «Нұрлы жол» атты экономикалық саясатын жариялады. Мемлекет басшысы Парламенттің төртінші сессиясының ашылуында «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудағы маңызды шараларға тоқталған болатын. Осы мақсаттарды орындау барысында Парламент 113 заң қабылдады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қолданыстағы заңнамалар мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдірілді, жер қойнауын пайдалануды жеңілдету, дербес білім беру ұйымдарының қызметін реттеуді көздейтін бірқатар уақытылы шешімдер шығарылды. Агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділікті арттыру мақсатында салық заңнамасына нақты тетіктер енгізілді. Кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайларды түбегейлі жақсартатын және ел экономикасының бизнес қатысатын салаларына мемлекеттің араласуын шектейтін маңызды заңдар қабылданды»,-деді Қ. Тоқаев.
Бұл ретте палата спикері кәсіпкерлікті дамыту мәселесі алдағы сессия барысында да басым бағыт ретінде қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, алдағы уақытта Кәсіпкерлік кодексінің жобасы мен өзін-өзі реттейтін ұйымдар қызметі туралы заң жобалары қаралатын болады. Осы ретте Сенат Төрағасы қабылданатын заң жобаларының сапасы әлі де өзекті күйінде қалып отырғанын алға тартып, кейбір жағдайларда министрліктер тарапынан заң жобаларының мазмұнына назар аудармастан асығыс әзірленетінін атап өтті.
«Бүгінгі отырысты пайдалана отырып, Үкіметтің назарын осы проблемаға аударғым келеді», - деді Қ. Тоқаев.