Үкімет зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдамасын күзге қарай Президент Әкімшілігіне ұсынады
АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Үкімет алдағы зейнетақы жүйесін жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы барысында сөз сөйлеген Серік Ахметов осылай мәлім етті.
«Күзге салым Үкімет әлеуметтік жаңғырту тұжырымдамасын ҚР Президенті Әкімшілігіне ұсынады. Ал оған дейін біз осы мәселені депутаттық корпуспен, қоғамдық ұйымдармен, жалпы қоғаммен талқылайтын боламыз. Өйткені, бұл жұмыстар зейнетақы жүйесінің барлық тараптарын қамтитыны айқын. Әрине, онда бүгінгі күні қоғам тарапынан көтеріліп жатқан барлық мәселелер мұқият зерделеніп, қажеттісі қабылданатын болады», - деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы осы аптада «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қабылданғанын атап өтті. Онда қоғам тарапынан көтерілген ұсыныстар мен бұған дейінгі тәжірибелер қамтылған.
«Жаңа бағдарлама жұртшылықты өнімді еңбекке тартумен қатар, дағдарысқа қарсы ден қою шараларын қамтып отыр. Бұл шаралар ең алдымен жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу есебінен әлі де жалғасып келе жатқан дағдарыстың жағымсыз құбылыстарын еңсеруге бағытталады», - деді С. Ахметов.