Үкімет жанынан экспорттық саясат кеңесі жұмыс істемек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 1 қыркүйекке дейін экспорттық стратегия жасақталады. Аталмыш тапсырманы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жүктеді.

Үкімет жанынан экспорттық саясат кеңесі жұмыс істемек

"Индустриаландыру бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспорттың көлемін екі есеге ұлғайту мақсаты тұр. Президент эспортты дамыту және жылжыту құралдарын бір ведомствоның құзырына беруді тапсырды. Ол үшін бізге экспортты қолдаудың барлық шараларын "бір терезе" қағидаты бойынша тоғыстыру қажет. Шетелдік нарыққа қазақстандық тауарларды жылжыту кезінде болатын кедергілерді мониторингілеу және жою бойынша жұмысты белсендіру керек. Инвестициялар және даму министрлігіне тиісті ұсынысты, соның ішінде үкімет жанынан экспорттық саясат жөніндегі кеңесті құру бойынша ұсынысты енгізуді тапсырамын. Сонымен бірге 1 қыркүйекке дейін экспорттық стратегияны жасақтау қажет. Асқар Ұзақбайұлы (Мамин - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары), үйлестіру жағы сіздің мойныңызда болады", - деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Н. Назарбаев өзінің жолдауында экспорттық әлеуетті дамыту - басым сала екенін атап өткен болатын.