15:54, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Үкімет жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының отырысы өтті
АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Астанада Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен Үкімет жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының 2009 жылғы алғашқы отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат осы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Комиссия отырысының күн тәртібіне Павлодар облысының Қашыр ауданының атын өзгерту; еліміздегі білім беру, мәдениет және спорт ұйымдарын атау мен атауын өзгерту, сондай-ақ темір жол стансыларына атау беру және олардың атауларының орыс тіліндегі транскрипциясын өзгерту; ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін жазуды бірыңғайлау жөніндегі ереже туралы мәселелер енгізілген. «Комиссия мүшелері отырыстың күн тәртібіне енгізілген мәселелерді жан-жақты қарастырды және талқылады, өз ойларын білдіріп, нақты ұсыныстар енгізді. Күн тәртібіндегі мәселелерден басқа, комиссия мүшелері еліміздің өңірлеріндегі ономастикалық ахуалдың жағдайы жөнінде тұрақты сараптамалық жұмысты жүргізу қажеттігімен байланысты проблемаға назар аударды. Ономастикалық мәселелердің айрықша көкейкестілігін ескере отырып, оларды ғылыми деректерге, тарихи фактілерге, сол немесе басқа нысанның ежелгі түп-төркініне қатаң сүйене отырып шешу қажеттігі, ойдан шығарылған, алдын ала шешімдерді жою қажеттігі атап өтілді. Тұтастай алғанда проблеманы саясиландырмау керектігі айтылды. Қарастырылған мәселелер бойынша қабылданған қорытындының нәтижесі бойынша Президент Жарлығының жобасы әзірленетін және Үкіметтің қарауына ұсынылатын болады», делінген ведомствоның хабарламасында.
Айта кетейік, Үкімет жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының құрамына Ақселеу Сейдімбек, Бекболат Тілеухан, Хангелді Әбжан, Сламқұл Әбдірахманов, Мекемтас Мырзахметұлы, Нұргелді Уәли сияқты танымал қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар енгізілген.