Үкімет жарты жылда не бітірді? - республикалық газеттердің бүгінгі санына шолу
АСТАНА. Шілденің 24-і. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат агенттігі республикалық «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттерінің бүгінгі сандарында жарияланған өзекті материалдарына шолуды ұсынады.
Атырау қаласындағы әлеуметтік жобалар: кітапхана, мұз сарайы және Жайық өзеніне салынған қос көпір құрылысының мерзімінде аяқталып, ел игілігіне берілгенін «Егемен Қазақстан» газеті жазған. Мұз сарайының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Б.Рысқалиев былай деген: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев спорттың бұқаралығын арттырып, ел абыройын асқақтатар спортшыларды тәрбиелеуді міндет етіп жүктеп келеді. Елбасының осы тапсырмасына орай және тікелей қолдауымен өңірде мұз айдыны сарайы пайдалануға беріліп отыр. Осы нысанды халқымыздың даңқты ұшқышы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімімен атауды ұйғардық».
«Нейрохирургияның жаңа белесі» деген тақырыппен жарық көрген шағын мақалада шілденің 22-сі күні Елордада басталған Қазақстан нейрохирургтерінің I съезінің жұмысы жайында айтылған. «Биологиялық, биофизикалық және медициналық салалардың қол жеткізуі тиіс кешенді нәтижелері осы жылдарда көп жағдайда нейрохирургияға бағытталды. Біздің елде де бұған мемлекет тарапынан жақсы көңіл бөлінуде. Соңғы екі жылда елордада салынған төрт ірі ғылыми орталықтың біреуі - нейрохирургия орталығы», дейді басылым тілшісі.
Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы газеттің 2-3-ші беттерінде жарияланған.
Екі бетті алып жатқан көлемді эссе Әбіш Кекілбаевтың 70 жылдық мерейтойы қарсаңына орай берілген. Авторы - академик Серік Қирабаев. «Оның жазушылыққа үлкен мұратпен қарайтыны, әдебиет алдына биік талап қоя білетіні, оны терең таныммен іске асыра алатыны қазір мойындалып біткен шындық. Әбіш суреткер ретінде адам өмірінің әлеуметтік мән-мағынасына үңіліп, оны философиялық ойшылдықпен өрнектейді. Жазушы өнерінің кейінгіге ғибраттық, ой саларлық, сабақтық мәні де осында», дейді академик.
Газеттің 8-ші бетінде Қазақстанда әлемдік дағдарысқа қарамастан индустриялық серпінді жобалардың іске қосылып жатқандығы «Барыстың бұлқынуы» деген тақырыппен берілген.
Таяуда ғана ашылу рәсімі болған Курчатов қаласындағы Ядролық технологиялар паркі туралы «Егемен Қазақстан» тілшісі жан-жақты зерделеген. «Курчатов - мүмкіндігі мол қала, оның болашағы зор. Қазір ғылым мен техниканы дамытуға барлық күш-жігеріміз бен инвестицияларды жұмылдыруымыз керек, деген еді сонда Мемлекет басшысы», дейді газет тілшісі.
«Айқын» газетінде «Халықпен санаспағандар, қалпақша ұшады» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Жұртпен санаспайтын мемлекеттік органдар мен салғырттыққа бой алдырған лауазымды тұлғалардың биліктен табанын жалтыратқаны ләзім. Себебі халықтың арыз-мұңына жүрдім-бардым қарап, шалағай жауап беретін мекемелер мен шекпенділер көп-ақ», дейді басылым тіліші.
«Айқын» газетінің тілшісі «Үкімет жарты жылда не бітірді?» атты мақаласында «Ел Үкіметі биылғы жартыжылдықтың қорытындысын шығарып, Елбасы алдында есеп беруге қызу дайындалып жатыр. Премьер К.Мәсімов барлық министрлер мен әкімдердің есептерін жинап алып, үлкен жиынды алдағы айдың ортасына қарай өткізуді жоспарлап отыр», дейді.
Сондай-ақ басылымда «Мемлекеттік тілге миллиардтап қаржы бөлсе де, нәтиже бермегеніне немқұрайды қарайтын неткен қоғам?» деген тақырыппен филология ғылымының кандидаты Ғалымжан Ермекбаймен арадағы көлемді сұхбат жарияланған. «Қазір қоғамда тілді «насихаттау» орынсыз даңғазаға айналып барады», деп ғалым өз пікірін білдірген.