Үкімет жастар үшін басты мәселе - баспана мәселесін шешуі керек - Қ. Айтаханов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет жастар үшін басты мәселе - баспана мәселесін шешуі керек. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңын талқылау барысында сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлімдеді.

Үкімет жастар үшін басты мәселе - баспана мәселесін шешуі керек - Қ. Айтаханов

«Жастардың баспана мәселесін шешу еліміздегі демографиялық ахуалға тікелей ықпал етеді. Сондықтан да, Үкімет жастардың бұл мәселесін шешу жолдарының тиімді тетігін нарық жағдайымен үйлестіре отырып шешу керек. Жас отбасылар үшін тұрғын үй жүйесін дамыту заң жобасының негізгі бағытына енген, алайда оны кім айқындайтыны, кім шешетіні нақты көрсетілмеген. Заң жобасының негізгі бағыты осы болғандықтан бұны нақтылап енгізу керек еді», - деді Қуаныш Айтаханов. Бұл ретте сенатор жастарды тұрғын үй салумен қамту үшін жер телімдерін жеңілдікпен беру секілді мәселелер де қамтылуы тиістігін атап өтті.

Ал сенатор Ахан Бижанов Үкіметте жастар мен халықтың аз қамтылған жігін баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарлама әзірленіп жатқанын атап өтті. «Президент тапсырмасына сәйкес, 6 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй жыл сайын берілетін болады, ал соның ішінде 1 млн. шаршы метрі жастар саясатын жүзеге асыру аясында берілетін болады. Осы тұрғыдан алғанда белгілі бір қадамдар атқарылып жатыр», - деді А. Бижанов.