Үкімет жеке тұрғын үй құрылысына қолдауды арттырып, арнайы заң қабылдауы керек - Қ. Айтаханов

Сенатордың айтуынша, елімізде баспана мәселесiн шешудiң ең тиiмдi жолы - бұл жеке меншiк тұрғын үй құрылысы. Алайда, Жер кодексiндегi азаматтарға тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға құқық беретін норма орындалмай отыр. Бұған себеп инфрақұрылым тартылмай жер учаскелері берiлмейдi деген заң нормасы. «Осыған байланысты бүгiнгi таңда жеке үй салу үшiн жер телiмiн алу кезегiнде қазiр 1,4 млн адам кезекте тұрған сияқты. Ол кезектi әрине тексеру керек. Бiрақ соңғы он жылда олардың саны 14 есеге өсiптi. Бұл тұрғындар арасында наразылық тудыруда. Өйткені, Жер реформасы жөніндегі комиссияға келіп түскен сұрақтардың 80 пайыздан астамы осы он сотық жерге қатысты болып отыр», - дедi депутат. Оның айтуынша, бүгінгі күні мемлекеттің барлық азаматтарға үй салып беруге мүмкіндігі жоқ. Сол себепті жеке азаматтардың қаржысын, әлеуетін пайдаланып, жеке тұрғын үй салуға барынша қолдау көрсетілуі керек. Сонда халық өз қаржысы есебінен үй салып алуға бейім.
«Үкімет жеке тұрғын үй салуды жеделдету үшін жер телімдерін беру мәселесін шешіп, жеке тұрғын үй салушыларға қолдау көрсету керек. Бұл ретте ұзақ мерзімге әрі арзанға несие беру, инфрақұрылым және құрылыс материалдарын қамтамасыз ету шаралары шешіліп, реттелсе игі. Осының бәрін ретімен жүзеге асыру үшін арнайы «Жеке меншік тұрғын үй құрылысы туралы» заң қабылдануы керек», - деді сенатор Қуаныш Айтаханов.