Үкімет жетім балаларды қамқорлыққа алғандарға жәрдемақы төлеу мәселесін оң шешуі тиіс - Д. Нөкетаева
АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Үкімет жетім балаларды қамқорлыққа алғандарға жәрдемақы төлеу мәселесін оң шешуі тиіс. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Неке, ерлі-зайыптылық және отбасы туралы» кодекс жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Қазір жоба екінші оқылымға әзірлену үстінде. Осы маңызды құжатты қабылдаудың нәтижесінде отбасылықты нығайту, балалар құқығын қорғау саласында жүргізілетін жұмыстар елеулі түрде жақсаратыны күтіледі. Елімізде жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарды қорғау бағытында көптеген шаралар атқарылып жатыр. Бірқатар аймақтарда отбасы үлгісіндегі балалар және жасөспірімдер үйлері бар. Бала асырап алған, балаларға патронаттық тәрбие беретін отбасыларға жәрдемақы төленеді. Алайда, ең өзекті әрі көптен бері күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселе - бұл ата-аналарының қамқорынсыз қалған балаларды күтіп-баққаны үшін қорғаншылар мен қамқоршыларға жәрдемақы төлеу болып табылады. Бұл ретте депутаттар кодекс жобасына бала асырап алуды ынталандыру мақсатында қорғаншылар мен қамқоршыларға ата-ананың қамқорынсыз қалған жетім балаларды күтіп-бағуға жәрдемақы тағайындап, төлеуде заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ететін бірқатар ұсыныстар енгізген еді. Өкінішке қарай, бұл ұсыныстар Үкімет тарапынан қолдау таппай отыр», деді комитет төрайымы.
Оның айтуынша, ресми деректер бойынша еліміздегі 46 мың 126 жетімдер мен ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған балалардың 28 мың 113-і қорғаншылыққа-қамқоршылыққа берілген. Депутаттың сөзіне қарағанда, қорғаншылық-қамқоршылық институты балалардың отбасынан ажырамай, табиғи ортада тәрбиеленуіне, олардың дұрыс өсіп-жетілуіне жағдай жасайды. Сондықтан қорғаншылық-қамқоршылық институтын дамыту еліміздегі бірден-бір маңызы зор әлеуметтік мәселе болып табылады. «Қазақстанда қорғаншылық-қамқоршылық жасайтындардың басым бөлігі егде тартқан адамдар. Олардың 90 пайызға жуығы табысы төмен зейнеткерлер. Осы айтылғандарды ескере келе, Үкіметтен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алғандарға ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде жәрдемақы тағайындау мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Есептеп байқасақ, бұл мақсатқа жылына 4,5 млрд. теңге қаражат жұмсалады екен. Экономикасы өркендеу үстіндегі мемлекетімізге бұл аса ауыр салмақ емес», деді Д. Нөкетаева.